Среда
24.04.2024
07:27
Форма входа
Поиск
Календарь
«  Апрель 2024  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930
Архив записей
Наш опрос
Как вы провели новый год?
Всего ответов: 13
Друзья сайта
Туризм
  • dar-aktobe.com
  • zere-tour.com
  • dar-aktobe.ucoz.ru
  • Прочее
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Статистика

    Онлайн всего: 1
    Гостей: 1
    Пользователей: 0

    Туроператор Зере Тур

    ДАЛА ТУРИЗМІН ДАМЫТУ – ҚАЛАЛЫҚТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА

    ДАЛА ТУРИЗМІН ДАМЫТУ – ҚАЛАЛЫҚТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА
    «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген қазақпыз. Қазір қалтасы қоңданса шетел асып кететін қазақтар көбейді. Әрине, әркімнің қай жерде, қалай демаламын десе де өз еркі. Бірақ біраз қаржыны біреудің қалтасына құйғанша, неліктен өзіміздің ішкі туризмді дамытпасқа деген ойдың жылт ете қалатыны да жасырын емес қой. Қараңыз, бір өзіне бес Франция сиып кететін Қазақ елінің ұлан-байтақ жерінде туристерге ұялмай көрсететін мұрагерлеріміз баршылық. Бірақ сол дұрыс жолға қойылмай келе ме, әлде туристер тартудың жарнамасы жетіспей жатыр ма, әйтеуір ішкі туризм саласының көші кешеуілдеп келеді. Осы орайда жақында елiмiзде туризм саласын дамыту мақсатымен 34 мемлекетпен визасыз қарым-қатынастың жолға қойылуы да өз нәтижесiн беретiн шығар деп үміттенеміз.

    Елiнiң табиғи байлығы жұтаң болғанымен, бiр ғана туризмнiң арқасында экономикасы қарыштап дамып, өркениет көшiне iлескен мемлекеттер аз емес. Онымен салыстырғанда ұлан-ғайыр қазақ даласында туристiк орталық құру үшiн барлық алғышарттарды Жаратқанның өзi қолмен мүсiндеп бере салғандай. Ұшқан құстың қанаты талатын өңiрде тарихи ескерткiштердiң молдығы, көрiктi табиғаты, ЮНЕСКО-ның дүниежүзiлiк мәдени мұра тiзiмiне енгiзiлген нысандары осы сөзiмiзге нақты дәлел.
    Әрине, елiмiзде туризм саласы тұралап қалды деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Соңғы екi жылда туризм саласында iлгерiлеушiлiк байқалады. Ресми мәлiметтерге сүйенсек, бiр ғана  2011 жылы  Қазақстанның көрiктi келбетiн тамашалауға 5 млн. 600 мыңнан астам турист келсе, iшкi туризм 5 млн. 300 мыңнан астам  адамды құраған.  Туристiк салада көрсетiлген қызмет көлемi 74 млрд. теңге немесе 500 млн. АҚШ долларына жуық қаржы болыпты.

    ЭТНОСТИЛЬ ҚАШАНДА СҰРАНЫСТА
    Ақтөбе облысында тіркелген 40 шақты туристік мекемелердің көбі шетелге турист тартумен айналысады. Ал ішкі туризмді қолға алған турмекемелер саны некен-саяқ, тіпті жоқ десе де болады. Әзірге бір ғана турмекеме Ақтөбе облысының 12 ауданына арналған туристік маршруттар дайындап, сол бойынша жұмыс жасап жатыр. 
    Ботагөз Құсайынқызы, «Зере Тур» ішкі туризмге арналған турмекеменің директоры:
    - Туризм – көл-көсiр табыс көзi. Бiздiң мақсатымыз – кiру туризмi және iшкi туризм көлемiн арттыру есебiнен халықты жұмыспен қамту әрi бәсекеге қабiлеттi туристiк индустрия құру. Біздің еліміз – нағыз туризм саласына сұранып тұрған ел. Бірақ, әттеген-айы сол, туризм саласы әлі өз деңгейінде дамып жатқан жоқ. Біз шетелдіктерді бес жұлдызды қонақ үйлермен, заманауи ғимараттармен таң қалдыра алмаймыз. Оларды біздің ұлттық құндылықтарымыз, тарихымыз, дәстүрлі дастарханымыз, ас-ауқатымыз, тұрмыс-тіршілігіміз қызықтырады. Сондықтан біз төл этномызға көп көңіл бөлгеніміз дұрыс. Шетелдік туристерді ұлттық калоритпен қызықтыра білсек қана, біздің туризм қарыштап дамитын болады.
    Қазақстанда туризм кластерiн дамыту ендi-ендi қолға алынғанын бiлдiрсе, Түркия шетелдiк қонақтардың арқасында ел экономикасын байытқан бiрден-бiр туристiк елге айналды. Өркениет көшiнiң алдына түскен түрiк ағайындар туризмдi дамытуды өте жетiк меңгерiп алды. Келушiлердi қызықтыратын басты мәселе – мұнда демалу бағасы арзан әрi көрсетiлетiн қызмет түрлерi сан алуан. Оның үстiне жылдың кез келген мезгiлiне лайықталған демалыс түрлерi мол. Сондай-ақ бұл елдiң көне тарихы, аса құнды мұражай-мұрағаттары да келушiнi қызықтыратыны сөзсiз. Бiзге Түркияның туризм саласынан үлгi алу қажет екенiн мойындауға тиiспiз.
    Егер туризм кластерiн дамытатын болсақ, Қазақстанда Батыс пен Шығыстың экзотикасынан шаршаған турис-тер үшiн жаңалық болатын өзен-көлдер, таулы аймақтар жеткiлiктi. Бiр ғана Ақтөбеде қаншама көл-сулар мен тарихи орындар бар. Әйтсе де, күнi бүгiнге дейiн елiмiзге келушiлерден гөрi, елiмiзден сыртқа шығушылардың көп екенi рас.

    ҚАРҒАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ҚОНАҚЖАЙ ТАБИҒАТЫ
    «Сүйіртаудағы» қонақжай ауыл
    Қарғалы ауданы қашанда әдемі табиғатымен, жылдың қай мезгілінде де құлпырып тұратын ормандарымен, сарқырама көлдерімен тартымды. Қарғалының осындай әсем жерлерінде Эбита аталып кеткен табиғи қорықша бар. Елек пен Ор өзендерінің ортасында орналасқан осы бір айрықша аймақ ел арасында «Кішкентай Швейцария» атанып кеткен. Бірақ Қарғалы ауданына жалғыз осы қорықшамен турист шақырамыз десек, қате болар еді. Өйткені Қарғалы ауданында шетелдік қонақтарды елтіп тұратын жер жеткілікті. Соның бірі – ел аузында «Сүйіртау» атанып кеткен төбе мен оның табиғаты. Бұл жерде бұрын тұтас бір ауыл болған. Кейін ауыл тұрғындары қалаға көшіп, үйлерін тастап кетіпті. Енді сол бос қалған үйлерді туристік қонақжай үйлер, яғни этно-қалашық жасау қолға алынып жатыр. Әрине,  бұл жерде электр жарығы бұрыннан тартылмаған. Сондықтан күннен қуат алатын батареяларды іске қосып, әр үйге жарық берілген. Бір үйге мұндай қондырғыны орнату- 1,5 млн теңгені құрайды. Бірақ туризмнен түсетін пайданы есептесек, бұл шығын аса қалтаға ауыр тимесі анық. 
    «Адай» түйе фермасы: «Мал басын көбейтуге жер бермейді»
    Қазақтың ұлттық сусыны – шұбатпен қалалықтарды да, ауданды да қамтып отырған ферма облыс орталығынан 26 шақырым жерде орналасқан. Ферманы басқарып отырған Оразбай Лес ақсақалдың айтар уәжі мынау:
    - Қазір 35 саумалдық түйем, 500-дей ірі-қара, және 1000-нан аса қойым бар. Шаруашылықты өз балаларымның көмегімен іске асырып отырмыз. Бірақ бізде бір мәселе бар. Ол – жұмыс жасаушы жастардың жауапкершілігі дер едім. Жалақысын уақытында төлеп, ақшалай берсек, қалаға кетіп содан оралмай қояды. Сондықтан қазір жұмыскерлерімізге заттай жалақы төлеуге мәжбүр болып отырмын. Сондай-ақ, мал басын көбейте алмай келемін. Өйткені мал өсіруге жер берілмейді. Өлшеулі ұлтарақтай жер берген шаруашылық үшін, болды. Малдың басы артылса-ақ сойып тастап жатырмыз, обал ғой. Мал басын көбейтуді теледидардан айтқанда керемет, бірақ біз, шаруалар, соны іске асыра алмай пұшайман халдеміз.
    Бұл жерге де туристік маршрутпен келе жатқан туристер соғып, аялдап, шұбаттан дәм татып кетуіне жағдай жасалуы керек дейді түйеші.
    Қарғалы ауданы сондай-ақ түрлі мәдени ескерткіштерімен де көз тартады. Қарғалы су қоймасының жағалауында орналасқан Естектау, Абат Байтақ ортағасырлық ескерткіштер тобына жататын Қызылтам мавзолейі, «Қасқырлы тау», «Жаманқабақ» секілді тау сілемдері қай туристі болмасын, өзіне еріксіз шақырары сөзсіз.
    Ойтүйін: Қазақ даласы Алланың пейілі түскен пейіш мекен екеніне ешкім күмәндана алмас. Бізде су да, құм да, көл де, шөл де, тау да, орман да бар. Теріскейі мен түстігі, батысы мен шығысы – ұлан-ғайыр, ұйық жаратылыс – кімнің болса да көз құртын жыбырлатқандай… Осы Дала үшін ғасырлап соғыстық. Сүйем жер үшін үрейлі алапаттарды бастан өткердік. Енді қараңыз: асты толған мұнай, газ, алтын, мыс, мырыш, үсті жазиралы пүлішке оранған көркем табиғат. Бұл – мемлекетке кіріс, халыққа жұмыс, өндіріске серпін. Қаншама жолдар жасалады, жаңа құрылыстар салынады. Ең бастысы, шағын кәсіпкерлік, сауда дамиды. Туризм арқылы елдің сыртқы имиджін, тарихын, салтын, мәдениетін насихаттауға болады. Бізді мұнай мен газ арқылы емес, көркем табиғатымыз, тарихымыз, мәдениетіміз арқылы таныса, қандай керемет еді. Спортты дамыта отырып, туризмді дамыту, екеуін бірдей алып жүру елдің негізгі бағыты болуы тиіс. Әлемде тек қана туризммен байып, үріп ішіп, шайқап төгіп отырған елдер жетерлік. Қазақтың солардың қатарына қосылуға, тіпті басып озуға толық мүмкіндігі бар.

    Индира Кереева 
    Ақтөбе-Қарғалы-Ақтөбе