Суббота
17.11.2018
07:24
Форма входа
Поиск
Календарь
«  Ноябрь 2018  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
   1234
567891011
12131415161718
19202122232425
2627282930
Архив записей
Наш опрос
Как вы провели новый год?
Всего ответов: 13
Друзья сайта
Туризм
  • dar-aktobe.com
  • zere-tour.com
  • dar-aktobe.ucoz.ru
  • Прочее
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Статистика

    Онлайн всего: 1
    Гостей: 1
    Пользователей: 0

    Туроператор Зере Тур

    МҰҒАЛЖАР: Тылсым табиғат, үңгірлер құпиясы...

    МҰҒАЛЖАР: Тылсым табиғат, үңгірлер құпиясы...

     

    http://www.kinfo.kz/news/m_alzhar_tylsym_tabi_at_girler_pijasy/2011-09-15-1169

     

    2011  Қыркүйек  15

     

    Жалпы бізде ішкі туризм жағдайы мәз емес. Құшағына бес Франция сиып кететін Қазақ елінде ерекше ес-керткіштер де, тамаша табиғат та бар. Тек соны орнымен ұқсата алмай отырмыз. Алыстан арбаламай-ақ, өзіміздің Ақтөбе өңіріндегі аудандарда туристерге ұялмай көрсететін жерлер баршылық екен. Мысалы Мұғалжар ауданын алайық. Мұғалжар ауданы – Ақтөбе облысындағы ең ірі аудан. Оның аумағында Қанды-ағаш, Жем, Ембі атты үш бірдей шағын қала орна-ласқан. 12 селолық округте 42 ауылдық мекен бар. Мұғалжар ауданы туристік потенциалы жоғары аудандардың бірі. Оған об-лыстық туризм және спорт басқармасы ММ мен «Зере-тур» туристік мекемесі ұйымдастырған екі күндік туристік сапарда көз жеткізіп қайттық. 

     

    КӨКТӨБЕДЕГІ БАТЫР КЕСЕНЕСІ

    Атақты Есет батыр Көтібар ұлының әкесі Мұғалжар ауданындағы Көктөбе атты сайда жатыр. Ақтөбе қаласынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан. Басына кесене 2000 жылы жаңартылып, салынған. Кесене биіктігі 12 метр. Маңғыстау түбегінен арнайы жеткізілген ұлу тастан өрілген. Кіші жүз қазақтары бірлігінің белгісіндей кесене жанында үш қойтас орнатылып, оның бетіне Әлім-Шөменің, Байұлының, Жетірудың 29 руының таңбасы ойып жазылған. Кесененің құбыла жағында орнатылған құлпытасының бетінен батырдың замандас, үзеңгілес, қарулас батырлардың 

    есімдерін оқуға болады, Көтібар батыр кесенесінің сәулетшісі Әділбек Баяндин. Бұл кесене мемлекеттің қамқорлығына 

    алынған. Біз кесенеге көтерілер жолда батырдың есімімен аталған ауылдың үстінен өттік.  Сарыарқадан қашып, қуғын болып Жетіру еліне – Жағалбайлы жеріне жеткен Сегіз серінің осы елге келіп қонған түні Көтібар батыр қаза табады.Осы ауыл кесенеден 3 шақырым қашықтықта жатқан ауылда батырдың шырақшысы Жолдығали Длимов қарт тұрады. 

    - Жеті жылдан бері Кесененің басындағы шырақшысы болып келемін,-деді шырақшы. Үкіметтен ешқандай «шырақшы екенсің» дегендей көмек көріп жатқаным жоқ. Күнделікті таңғы тоғызда үш шақырым жерден жаяулатып жетемін, түскі аста қайтадан ауылға қайтам. Сосын түс ауа тағы Кесененің басына барамын. Күнделікті жұмысым сол. Жаман «Москвич» маркалы көлігім бар еді. Ол да іске аспай қалды. Аруақтың кесенесін маған аманаттап кеткесін, «аманатқа қиянат» жасауға Алладан қорқып, осылай күн кешіп жатқан жайым бар. Негізі шырақшылық міндетті үкіметтік қызмет сияқты етіп тіркеуге болады ғой. Мысалы менің қасымда ешкім жоқ, шырақшы да, күзетші де, тазалаушы да, сантехник, электрик те өзім. 

    Көктөбе басында батырдың кесенесінен өзге шырақшының түнемелік үйі мен ошағы орналасқан. Кесене басына бару үшін тас жол төселмеген. Біз мінген ескі автобустың ішін шаңмен толтырып, Көктөбеге көтерілеміз дегенше, әбден жолсоқты болып, есеңгіреп қалдық. Жалпы туристік маршруттың қай нүктесі болмасын, жол нашар, жететін жеріңе шаңға көміліп барасың. Әруақты сыйлап басына кесене тұрғыздың екен, жақсылығыңды аяғына дейін жасап, ең болмағанда облыс орталығынан Кесенеге барар ортаға тас жол төсеп тастауға үкіметтің де, жергілікті биліктің де қауқары жетер еді, бірақ әзірге бұл мәселе жабулы күйінде қалып отыр.

     

    ОРҚАШ -  ҚЫРАНДАР МЕКЕНІ

    Мұғалжар ауданында Ор, Жем, Темір өзендерінің су айрықтарында Орқаш табиғи қорығы орналасқан. Мұнда ірі-ірі Сабындыкөл, Ащыкөл, Шіліктікөл, Қамыткөл атты көлдер бар. Бұл жерде жабылып қалған ақтаспас, бетегебоз (көде), желкен шөптері кездеседі. Орқаш құмды шатқалында қайың мен көктерек егілген орманды алқап (орман саяжайы) бар. Орманды алқапта сирек кездесетін қайың, көктерек, қарағаш, тад және шалғындық шөптердің алуан түрі бар. Орманды алқап өте жақсы күйінде сақталған. 

    Орманның негізін қайың, көктерек, қарағаш, терек, итмұрын құрап тұр. Орманның шөп жамылғысы әр алуан шөптерге бай. Бұл жерде кәдімгі мыңжылдық, алты жапырақты шегіршін, сары киікоты, баршынгүл және тағы да сондай емдік шөптерді кездестіруге болады. Облыста сирек кездесетін өкпешіл, усасыр өседі. Сондай-ақ Қазақстанда сирек кездесетін, Қызыл кітапқа енгізілген батпақты, дымқыл, құмды жерде өсетін, шыбын шіркейді жейтін жұмыржапырақты шықшөп те бар. 

    Бұл орманда жерге ұя салатын құстардың 9 

    жыртқыш түрі кездеседі. Олар: қара лашын, кәдімгі көксары, ақсары, дала бүркіті, батпақ құладыны, шалғын құладыны, қарақұс және кәдімгі бөктергі.  Тырна тұқымдастың үш түрі ақбас тырна, безгелдек және джек тіршілік етеді. Жылқышы, қызғыш, қарала шалшықшы және шаушүрілдек атты құстар мекен ететін Орқаш орманы жанында ел аузында «қырандар мекені» аталып кеткен төбе бар. Өйткені Орқаш аумағы – қыран тектес құстардың ең көп шоғырланған тұсы. Ол төбенің басында тұғырға қонақтап тұрған ескерткіш орнатылған. Туристерді алыстан мен мұндалап шақырып тұратын зәулім тас ескерткішті бәзбіреулер мойнын бұзып, сындырып кетіпті. Кімнен көрерімді білмедім. Ілдәбайлап қара темірмен байланысып тұрған қыранның мойнына келіп кетушілер мініп алып суретке түседі екен. Тіпті бізбен бірге еріп барған жергілікті туристердің өзі ескерткіштің мойнында әкелерінің құны қалғандай секіріп мініп, суретке түсіп жатты.... Бұған енді не дерсіз....? 

     

    ҮҢГІРЛЕРде құпия көп

    Орқаш орманын аралап, қыранын тамашалағаннан кейінгі барар жеріміз бағыт бойынша Төлеубұлақ үңгірлері болатын. Әрине, оған жеткенше айдалада мың рет адасып,  шаңға көміліп, жолсызбен жүріп жеткенше кешкі алтының да шамасы болды. Бірақ шаршап жеткенімізде бізді қарсы алған табиғаттың сұлулығына бас имесе болмас енді! Шеті-шегі жоқ сары даламен келе жатып, алдыңнан күндей болып шыға келетін ақ қайыңдар желегінің әдемілігін тек көру керек. Оазис! Жасыл желек жамылған қайыңдар өскен орманшықтың қақ ортасын тіліп Төлеубұлақ бұлағы ағып жатыр. Суы мөлдір, тұщы әрі емдік қасиеті  бар.  Бұл жерде де керемет табиғатты келеңсіз көрініс бұзып жібергендей әсерде қалдым. Қайыңдардың тамырымен біте қайнасып, ағып жатқан бұлақтың айналасын ешкім қоршамаған, малдың қиы мен арам шөп басып кеткен. Бұл қайыңдар мекеніннен сәл қашықтау жерде Төлеубұлақ үңгірлері бар. Ауқаттанып алып, жаяулатып сол үңгірлерге бет алдық. Тө-леубұлақ үңгірлерінің әдемі-лігіне сөз жетпейді. Тастары қолмен қалап қойғандай әсем. Әсіресе батқан күннің шапағымен арайланып, алыстан қызартып көрінгенде түрлі мүсіндерге айналады. Күн сәулесінің түсуіне орай Төлеубұлақ үңгірлері біресе көшіп бара жатқан түйелер керуенін көзге елестетсе, біресе бүк түсіп отырған адамның кейпіне ене қалады. Төлеубұлақ үңгірлерінің аузын  археологтар арнайы келіп тастармен жауып тастаған. Өйткені жақын маңдағы ауылдардың жастары келіп жын ойнақ жасап, арақ ішіп, өздерінен кейін қоқыс қалдықтарын жинамай, әрі тасқа әр түрлі мағынадағы сөздер жазып кететін болғасын, мамандар амалсыз табиғи қорықтың аузын бітеп 

    тастауға мәжбүр болған. Біз де сондай есімдердің біразын оқып, «көзайым» болдық. «Альбина +Серік», «Атымды қашап жаздым мына тасқа» (ақын жанды біреу болды не десек те) деген сияқты сөздер кездесіп қалады екен арасында. 

    Негізі Төлеубұлақ үңгірлері жайлы аңыз көп. Соның бірі қырық қыздың басынан кешкені жайлы хикаяны жыр етеді. Бұл әңгіменің қырғыз халқының ұлттық батырлар эпосына қандай қатысы бар екенін білмеймін, бірақ осы Төлеубұлақтың ең үлкен үңгірінің ішіне бір түн түнеген адам әуелі күліп, ән айтқан қыздардың дауысы мен олардың перілермен соғысы кезіндегі айқастарының дыбыс-тарын анық естиді-міс. Аңыз бойынша серуенге шыққан қырық қыз Мұғалжар тауы сілемдерінің ішінде адасып кетеді. Сөйтіп Төлеубұлақ үңгірлеріне тап болады. Жыртқыш аңнан, суықтан қорғанған қыздар үңгірдің ішінде паналамақ болады. Өзара ән айтып, көңілді отырған қыздардың дауысын перілер естіп, оларды иеленіп кеткісі келеді-міс. Бірақ қыздар перілерге пенде болғанша, өлгеніміз артық деген оймен перілерге қарсы шайқасқа шығады... Міне, бұл әңгімелерді үңгірдің ішінде жатып алып тыңдаудан аса қор-қынышты нәрсе жоқ. Бірақ, айдың жаңа толған шағында, бір шөкім бұлтсыз аспанда мүлгіген тыныштықта қаланың шуы мен тас тірлігінен бір мезет болса да демалып қайтқан бір ғанибет екен!

     

    СОРКӨЛДІҢ СЕПТІГІ ТИЕДІ

    Мұғалжар ауданында суы шипа, тұзы ем көл бар. Ол Соркөл. Соркөлдің суы тартылып, таза тұз қалған. Алыстан аппақ болып жар-қырап көрінетін, бірнеше шақырымға созылып жатқан Соркөлдің тұзы буын, сүйек ауруларына, сондай-ақ мұрын бітелгенде, гайморитке ем. Соркөл емдік тұзын кез-келген адамға «бермейді». Бір уыс тұз көсеп алу үшін белуардан келетін балшықты кешіп тұзды жиекке жету керек. Әрине, оған ешкімнің де жүрегі дауаламасы анық. Тұзды жиекке дейін тұздың үстімен жүріп отыру керек. Құдды жұқа мұздың үстімен жүріп бара жатқандай әсерде боласың. Аяқ асты енді-енді ойылып кетердей был-қылдап тұрады. 

    Бұл көл де туристердің, әсіресе экстремалды туризммен әуестенетіндердің таптырмас аумағы. Өйткені жұмсақ тұздың үстімен жүріп өту – тек жүрек жұтқандардың ғана қолынан келетін іс болса керек. Бұл көл де мемлекеттің қатаң бақылауына алынып, туристерге жағдай жасалынса, бұл жер де туристерден бір мезет босамай жатар еді...

     

    ТАУЛЫ ӨЛКЕНІҢ ТЫЛСЫМЫ КӨП

    Мұғалжар ауданының бір ерекше тауы – Айрық. Немесе «Ағайынды» таулар. Бұлай дейтін себебі, алыстан қарағанда бір біріне жапсарлас тұрған екі тау егіз қозыдай ұқсас. Бір таңқаларлығы екі таудың шөп жабындылары, тас құрамдары, топырақ төсенісіне дейін бірдей екен. Айрық тауында тағы да «Түйемойын» ақ борлы таулы жиыны бар. Алыстан аппақ болып көзге шалынатын тау сілемдері бір қарағанда шөккен түйенің қос өркеші мен түйенің жанында отырған ақ жаулықты әйелдің мүсіндерін көзге елестетеді. Тауға жеткенше дегбірсізденген жолаушылар кері қарай жүргенде соқпақты жолдың қиыншылығын қаперіне де ілген жоқ. Таудан керемет күш-қуат алған туристер әсерлерінен айығар емес.

    — Екі жылдан бері өлкеміздегі ішкі туризмді дамыту мақсатында  жарнамалық сипаттағы туристік саяхаттар ұйымдастырылып келеді. Биыл жоспарға сәйкес Мәртөк ауданы, Мұғалжар таулары мен Қарғалының әсем табиғатын тамашаладық.. Біздің мақсатымыз, жергілікті туристік өнімдерді қалыптастырып, бағыттарды белгілеп, қаржы көздерін табу. Туризм дамыса,  жергілікті тұрғындарға көмегі тиері анық. Халыққа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік жағдайлары түзеледі. Өлкемізде халқымыздың салт-дәстүрін насихаттайтын тарихы мен табиғатынан сыр шертетін орындар өте көп. Тіпті сырттан келмей-ақ қойсын, қаланың қауырт тірлігінен шаршаған жұрт ауылға барып қымыз, шұбат ішіп, қазы-қарта жеп, жылқыға, түйеге мініп серуендеуден бас тартпасы анық. Сол секілді ұлттық қолөнер бұйымдарын жасайтындар кәдесый сатумен де айналысуына болады, —  дейді облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Дәурен Базаров. 

    Туризм саласын дамыту еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген. Экономикамыздың басым секторы қатарынан саналады. Жыл сайын қаражат көздері қарастырылып отыр. Ал бір бағыттағы туристік саяхат ұйымдастыруға 450 мың теңге беріледі екен.

     

    АУЫЛДЫҢ АРБАШЫ ӘЖЕСІ

    Жұрын ауылына жеткен кезімізде алдымыздан ар арбаға жайғасқан әжей шықты. Асфальтта өскен біздер үшін бұл бір таңсық көрініп, көлігімізден түсе-түсе қалып, әжейді әңгімеге тарттық:

    - Мен ауыл арасында ат арбамен жүремін. Кезінде тіпті атқа мініп шауып, талай бәйгелердің жүлдесін қанжығаға байлаған малшының қызымын ғой. Өмір бойы мал бақтық. Бағымызды да,  жанымызды да осы малдың арқасында таптық. Қазір ауыл арасында осы ақ боз атымды арбаға жегім, көрші-көлең, дәрігеріме ешкімнің көмегінсіз-ақ қатынай беремін,-дейді Әнипа әжей.

    Жұрын Мұғалжар ауданындағы ауыл, теміржол бойындағы станция. Аудан орталығы Қандыағаштан 30 шақырым қашықтықта жатыр. Ал Ақтөбеден 130 шақырым алыста орналасқан.  Халқы 1,9 мың адам. 

     

    ШЕТЕЛ МЕН ІШКІ ТУРИЗМНІҢ АРАСЫ ЖЕР МЕН КӨКТЕЙ

    Дейді «Зере-Тур» туристік мекемесінің директоры Ботагөз Құсайынқызы ішкі туризммен ермек үшін араласпағанын айтады.

    - Бізде ұялмай көрсететін жерлер жетіп артылады. Бірақ соны дұрыс жолға сала алмай келеміз. Мысалы біздер шетелге апаратын турмекемелермен бірдей салық төлейміз. Бұл да ішкі туризммен айналысқысы келетіндерге кедергі келтіреді. Біз- ішкі туризмді дамытушыларға қолдау көрсетілуі қажет. Біз көмек пен демеуге мұқтажбыз.

    Отандық туризмнің келбетін жасауда турфирмалар мен турагенттіктердің ықпалы бірінші орында. Туризмнің алға жылжуына басты үлес қосушы туроператорларға саяхатшылары-мыздың көңілі тола ма? Туристік фирмалардың қызметі қандай деңгейде? Біздегі 600-дей туристік компаниялардың 14 пайызы ішкі, қалған 86 пайызы сыртқы туризммен айналысады екен. Бұл екі көрсеткіш арасындағы алшақтықтың өзі жалпы туризм саласында кемшіліктердің баршылық екенін көрсетеді. Еліміздегі әрбір туристік компания өзін бір төбе санайды. Еркіндік шеңберінде қызмет көрсетіп жатқандары аз емес. Оларды бір бағытқа жұмылдыратын жүйе жасалмаған. Сондықтан, біздегі туристік фирмаларда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» тығыз байланыста жұмыс жасау дағдысы қалыптаспаған. Көпшілігінің отандық туризмнің бас ауыртар мәселесіне көңіл аударғысы жоқ. 

     

    ОЙТҮЙІН

    Мәдени демалысты ұйымдастырудың қайнар көзі туризм саласының ел дамуына қосар үлесі өлшеусіз. Туризм тек табыс көзі ғана емес, елді танытудың төте жолы. Алайда, экономикамыздың арбасын алға сүйрейтін отандық туризмнің бағы бір жанбай-ақ қойды. Оның кем-кетігін түгендеп, жандандыруға жиырма жылдық уақыт та себін тигізе алмаған сияқты. Әлемдік масштабқа көз жүгіртер болсақ, 38 пайыз елдің негізгі табыс көзі осы туризм саласы болып есептеледі екен. Бұл сала көп мемлекеттің экономикасының «шекесін қыздырып», ел дамуына үлес қосатын қаржы орталығына айналған.  Демек, біз «қолда бар алтынның қадірін» әлі күнге жете бағалай алмай келеміз. 

     

    Индира Кереева 

    Ақтөбе – Мұғалжар ауданы – Ақтөбе